Өңір басшысы облыстық отбасы үлгісіндегі балалар ауылында

БҚО әкімі Ғали Есқалиев облыстық отбасы үлгісіндегі балалар ауылына барып, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балғындармен емен-жарқын тілдесіп, олармен бірге таңғы ас ішті.

Облыс әкімімен емен-жарқын кездесу барысында балалар сабақтан тыс уақытта баратын үйірмелері, сабақ үлгерімі туралы айтып, әкімнен жетістікке жетудің, табысқа кенелудің сырын сұрады. Ақыл-кеңесін тыңдады. Өз кезегінде өңір басшысы балғындарға сабақты жақсы оқумен қатар, спортпен жиі шұғылданудың тиімділігін айтты. Сондай-ақ биылғы Волонтер жылында жоспарланған іс-шаралар, олардың жастарға берер пайдасы туралы да ойын білдірді. Кездесу соңында облыс әкімі балғындарға өзінің жеке кітапханасындағы құнды кітаптарын сыйлады.

Отбасы үлгісіндегі балалар ауылы 2003 жылы «Бөбек» қорының президенті Сара Алпысқызының бастамасымен ашылды. -Қазір жалпы 80 балаға арналған 10 коттеджде бүгінде 57 бала тұрып жатыр. 2015 жылы балалар ауылы базасында «Жасөспірімдер үйі» ашылды. Онда Орал қаласындағы жоғары оқу орындары мен колледждерде оқитын 20 студент тұрады. Қазіргі кезге дейін балалар ауылынан 195 түлек бітіріп шықты. Олардың дені өмірде өз орындарын тауып, отбасын құрды, баспанаға ие болды. Балалар ауылының барлық түлегі баспана кезегінде тұр. Жуырда қоныстой тойлаймыз деп ойлаймын. Мұндағы мектеп оқушылары қаладағы №20 және №30 мектепке барып жүр. Мектептен тыс уақытта түрлі үйірмелерге қатысып, облыстық, республикалық деңгейдегі сайыстардың жеңімпазы атанып жүргендері де бар. Балалармен бірге қуанып, көңілдеріне кірбің түссе, бірге мұңаямыз, - деді отбасы үлгісіндегі балалар ауылының директоры Разия Сүйіншәлиева.

Айта кетейік, кездесуді "Аялаған алақан" қоғамдық қайырымдылық қоры ұйымдастырды.

Яндекс.Метрика
Западно-Казахстанская область, г. Уральск, ул. Ж.Молдагалиева 19
тел: 8 (7112) 51 36 05
uvmp_zko@mail.ru