ТЕРЕКТІЛІК ЕРІКТІЛЕР ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ КОНЦЕРТІН ҰЙЫМДАСТЫРДЫ

Бұл шара өзгелерден тіптен бөлек болды. Достық үйіне ене бергенде ерікті жастар қошеметпен қарсы алып, бірден жаныңды баурап алады. Жан жылулығы кемшін тартып тұрған заманда жүрегің өрекпіп, әрі-сәрі күйге түседі екенсің.

Достық үйінде өткен шараны ұйымдастырған ерікті жастар. "Жақсылық жүрек жылытады" атты қайырымдылық концертінің түпкі мақсаты - екі бірдей мүгедек бала тәрбиелеп отырған Сәбитовтер отбасына жәрдемдесу. Кештің шымылдығын ашқан Теректі аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Жаннұр Ахметов сауапты іс қылып жатқан жастарға алғыс білдірді.

2020 жыл - Еріктілер жылы деп жарияланған сәттен бастап ауданымыздың еріктілері серпіліп, тың бастамаларды қолға ала бастады. Ерікті болу - жас талғамайды. Оған тек жүрегіңнің жылы, мақсатыңның айқын болғаны ғана қажет. Сәбитовтер отбасына бұл қайырымдылық концертінен бөлек, "1000 теңгеге - баспана" атты акция аясында қос мүмкіндігі шектеулі құлыншақты жетілдіріп отырған ана қолдау ретінде баспана алып беру жоспарда бар. Оған барлық теректіліктер үлес қоса алады. Теректі ауданы әкімі Әділ Жоламановтың атынан жалынды, дарынды жастарға алғыс білдіріп, осындай игі бастамаларда жұмыла беріңіздер деп тілек білдіргім келеді,- деді өз сөзінде бөлім басшысы.

Концерттік бағдарламада жасандылық болмады. Жастар өз мүмкіндіктері жеткенше ән шырқап, би билеп, өлең оқыды.

Теректілік жастар, соның ішінде Ақгүл Сайлауова, Альмира Молдағалиева, Айгерім Балтабаева, Мария Глушакова, Темірлан Әкімжанов, "Ару" би ансамблі, "Ғазал" жас ақындар клубының мүшелері мен ауданның барлық еріктілері ешкімнің жәрдемінсіз шағын ерлік жасады. Аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Нұрсәуле Аткеева балаларды сахнаға шығаруда, кездескен түрлі кедергілерді жеңуде қолдау білдірген ата-аналарға алғыс айтты. Қайырымдылық концертінен 33 мыңнан астам қаржы жиналды. Қаражат Сәбитовтер отбасына табысталатын болады.

Яндекс.Метрика
Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы, Ж.Молдағалиев көшесі 19
тел: 8 (7112) 51 36 05
uvmp_zko@mail.ru