Бөкей ордасы ауданы әкімі аппаратының кіші залында аудан әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиеваның төрағалығымен бірқатар мекеме мамандары және ауыл жастарының қатысуымен волонтерлер жылында атқарылатын іс-шаралар жоспарын талқылау мақсатында кеңес отырысы өтті.
Күні бүгін аудан бойынша 8 мекеме, 103 волонтер арнайы тіркеуден өткен. Шара барысында аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Исатай Құрмашев волонтерлік қызметтің жеті бағыты, мән-мақсаты, волонтерлыққа тіркелу тәртібі туралы түсінік берді. Пікір-сөзге қатысқан психологиялық-педагогикалық түзеу кабинетінің маманы Мереке Сисенов еріктінің жұмысы айналаның тазалығынан басталу керек десе, Сайқын ауылдық округ әкімдігінің бас маманы Бисен Қадыров волонтерлер салынатын тұрғын үй, кешен құрылыстарының сапасын бақылауға қатысса деген ойын білдірді. Аудандық білім беру бөлімінің бас маманы Нұрсұлу Салимова атбегілік сияқты ұлттық өнерімізді "Сабақтастық" бағытымен ұлықтасақ деген ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.