«Jastar-Otanga!» жастар саяси лагері

Облысымыздың белсенді, көшбасшы жастарының басын қосқан «Jastar-Otanga» лагері өтті. 12-14 қараша күндері «Евразия» туристік-сауықтыру кешенінде облысымыздың әр өңірінен жиналған түрлі салада белсенділігімен танылып, елдің дамуына өз үлесін қосып жүрген жастар түрлі тақырыптағы семинар-тренингтерде білімдерін шыңдап, топтық жұмыстарға қатысып, маңызды тақырыпта өткен кездесулерден рухани азық алды.

 Жастардың саяси резервін қалыптастыру, дарынды, белсенді және креативті жастарды қолдау мақсатында облысымыздың жас көшбасшыларына TEDx форматындағы кездесулер, бизнес-тренингтер, команда арасындағы достықты одан әрі нығайту үшін Teambuilding түріндегі спорттық шаралар, топтар арасындағы зияткерлік ойындар өткізілді.

Алғашқы кездесу жас депутаттар корпусымен, яғни облыстық мәслихат депутаттары Азамат Ғимранұлы, Әсел Қажиахметқызы, Шаттық Саматқызы және қалалық мәслихат депутаты Мирболат Бижанұлымен өтті. Азаматтық белсенділік, ел мен қоғамды дамыту мәселесіне жастардың етене араласуын арттыруға қатысты өз ойларымен  бөлісіп, қойылған сұрақтарына жауап беріп, ашық алаңда ой-пікір алмасты. Жастарды елдің саяси өміріне белсенді қатысуын кеңінен насихаттап, волонтерлық қызметті қолдау, жастар мен студенттік ұйымдарды дамыту бағытындағы бірқатар ұсыныстарын тыңдады.

Үш күнге созылған лагерь барысында қатысушылар білікті, тәжірибелі спикерлерден дәріс тыңдап, білімдерін жетілдірді. Бекболат Жанболатұлы, Бейбіт Теміболатұлы секілді бизнес саласында жетістікке жеткен тренерлермен кездесіп, өз сұрақтарына жауап ала алды. Үздік оратор, білікті жаттықтырушы-Толқын Аманбек аудитория алдында қысылмай, еркін сөз сөйлеу шеберлігі жайында тренинг өткізді. Жастарға жаңа бағытты таныстыру, әлеуметтік желіні оң бағытта пайдалану туралы танымал блогер, қазақша контент жүргізуші, сценарист әрі Ақжайықтың тумасы Ақарыс Әділжан келіп, жастармен өз тәжірибелерімен бөлісті. Қазіргі таңдағы айтыс өнері туралы, жастардың қоғамдағы рөлі жайлы жас талантты айтыскер ақын, «Дарын» сыйлығының иегері Сырым Әуезхан жалынды сөздерімен жайық жастарын жігерлендіре түсті.

Бұл жастар саяси лагерінде кездесулер ұйымдастырылып қана қоймай, әр ауданнан келген жастардың өнерін ортаға салып, өздерін басқа қырынан көрсетуге мүмкіндік берді. Атап айтсақ, «Пародия» кеші, «Визитка қорғау» кеші, сонымен қатар, қазіргі таңда трендтегі мобилография, фотограф, видеограф салалары бойынша жұлдызды Габдоловтар отбасымен мастер-класс өткізілді. Жастарға заманауи салаларды үйрету, оларға жаңа бағытты таныстырып, мүмкіндіктер ашу мақсатында қаламызға танымал фотограф Бахтияр Габдулов, жұбайы блогер Бибинұр Хамитқызы, мобилограф Мадияр Габдолов өз салалары бойынша лайфхактарымен, тәжірибелерімен бөлісті. Осы шеберлік сағаты аясында «Креативті фото», «Үздік топтық видео» секілді көптеген байқаулар өткізілді. Лагерді қолдап, жастардың көңілін көтеру мақсатында Ақжайықтың мақтаныштары, елімізге танымал «DDRecords» командасы келіп, өз еңбек жолдарымен және алдағы жоспарларымен бөлісіп, жастарға кешкі көңіл-күй сыйлады.

«Саяси лагерде көптеген семинарлар, мотивациялық тренингтер, бизнес саласына қатысты кездесулер, спорттық teambuilding-тер өткізілуде. Лагерь көңілімнен шығуда, барлығы жоғары деңгейде. Біз өзімізге керекті мәліметтерді алып, келе аламаған әріптестерімізге бөлісетіндей үлкен әсер алдық», - дейді Ақжайық ауданынан келген лагерь қатысушысы Фариза Хибатова.

Лагерьде өткізілген әсерге толы күндер жастарға жаңа күш-қуат беріп, болашаққа қойған мақсаттарын, жобаларын жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Елбасы, «Nur Otan» партиясының төрағасы Н. Назарбаевтің «Jas Otan» ЖҚ І съезіндегі тапсырысымен жыл сайын ұйымдастырылып келе жатқан саяси лагерь облыс жастарын шоғырландырып, белсенді жастарды қолдау, әрі патриотизмді қалыптастырып, ұлттық құндылықтарды насихаттауға бағытталған. 2009 жылдан бері бұл саяси лагерге 2000-нан астам жастар қатысып келеді.

Яндекс.Метрика
Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы, Ж.Молдағалиев көшесі 19
тел: 8 (7112) 51 36 05
uvmp_zko@mail.ru