Алматы қаласындағы Абай атындағы опера және балет театрында республикалық "Қайырымдылық керуені" байқауының қорытынды шарасы өтті. Шараға идея авторы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Тұңғыш Президент Н. Назарбаев атындағы қоғамдық қордың директоры Дариға Назарбаева, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев қатысты.
Осы байқауда бірқатар батысқазақстандықтар марапаттарға ие болды. Атап айтсақ, туған ауылына медициналық пункт, жас мамандар үшін тұрғын үй салып, су құбырын жүргізіп, кіші Отанының көркеюіне өз қалтасын 32 млн теңге жұмсаған атымтай жомарт Нұрлыбай Жолдыбаев "Туған жер" аталымы бойынша дипломант атанды.
2020 қазанында Жәнібек ауданында болған оқиға елдің есінде шығар. Үш бірдей бауырын жалыннан алып шыққан 16 жасар Дана Өтебаева кеше "Батыл жүрек" номинациясы бойынша жеңімпаз деп танылды.
Конкурстың "Қайырымдылық тарихы" аталымы бойынша елдегі бұқаралық ақпарат құралдары арасынан Сырым аудандық "SYRYM eli" қоғамдық - саяси газеті жеңімпаз атанды.