Өңіріміздің волонтерлері ауыл балаларына компьютерлік және құқықтық сауаттылық бойынша білім беруде.

Облысымызда ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ мемлекеттік грантының аясында «Жас Қанат» ЖҚБ ұйымдастыруымен «Birgemiz: Bilim» жалпыұлттық жобасы жүзеге асырылуда.

Жобасы аясында БҚО волонтерлері ауылдық аймақтардағы оқушыларға компьютерлік және құқықтық сауаттылық бойынша оқыту курстарын тегін ұйымдастырып жатыр. Волонтерлер оқыту курсын бастамас бұрын, оқушымен қарым-қатынас дағдыларына, оқыту курстарын өткізу бағыттарына байланысты семинар-тренингтерден өтіп барып, оқушымен жұмыс істей алады.

Қазіргі заманда қажетті компьютерлік бағдарламаларды, оқушыға қажетті заңдарды ұғынуы үшін ауылдын балаларына еш кедергі болмауы тиіс. Олар да қалада білім алатын оқушылар секілді тиімді әдісті толық қолдана алады. Бұл жолы оқушыларға өңіріміздің волонтерлері көмектесті.  

«Қазіргі уақытта ауыл балалары қашықтықтан оқытылып жатыр. Жобаға қатысушылардың ішінде көпбалалы, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасынан шыққандар да бар. Сол себепті кей кезде ғаламторға қосылуда қиындық туындап тұрады. Алайда білім аламын деген оқушыларға кедергі келтірмеді.  Жобаға осы 2 бағыт бойынша, 12 ауданнан 424 бала қатысты. Сабақты 32 волонтер беріп жатыр. Айта кететін жайт, бұнымен біздің оқыту курстары тоқтап қалмайды. Жалпы біздің жоба бойынша ауылдың оқушылары, 5 бағыт бойынша, яғни ҰБТ-ға дайындық, Ағылшын тілі, Компьютерлік және Құқықтық сауаттылық, Пәндік және ғылыми жобаларға дайындық бағыттары бойынша білім ала-алады. Сондықтанда біздің жобаға волонтер боламын деген немесе қатысып білім аламын деген оқушыларды қуана шақырамыз», - деді жоба үйлестірушісі Назерке Дидарқызы.

«Жоба туралы әлеуметтік желі арқылы естіп, неге қатысып көрмеске деген ой келді. Мақсатымыз ауыл оқушыларына компьютерлік бағдарламаларды үйретіп, олардың білімін жетілдіру. Балалармен Zomm платформасымен байланысқа шықтық, кейде әлеуметтік желіні қолдандық. Сонымен қатар жобаның YouTube  каналы арналған қазақ тілінде сабақтар түсірдік. Ұйымдастырушылармен келісілген, сабақ кестесі бойынша, оқушылармен байланысқа шығып, Photoshop, Premiere Pro т.с.с қажетті бағдарламаларды үйреттік. Егер сұрақтары болса, қосымша бағыт бердік», - деді жоба волонтері Мұхамед-Әли Русланұлы. Сонымен қатар, волонтер карантин кезінде бос уақытын тиімді пайдаланып, өзінің білімін өзгеге үйреткеніне қуанышты екенін айтты.

«Оқушылардың құқықтық сауаттылықты ұғынуда қызығушылығы жоғары деп айта алмаймын. Сондықтан өз біліміміз бен біліктілігімізге сүйеніп, жаңа әдістерді де қолданамыз. Қиыны – қашықтан оқыту. Мұғалім мен оқушы бір-бірін көрмесе, түсірдіру оңай емес. Алайда оқушылар кері байланысқа шығып, ризашылықтарын білдіріп жатыр. Ешкімді міндеттемейміз, әу баста жауапкершілікпен қарау қажет екенін ұғындырдық. Білім қажет болса, оқуы тиіс. Мұны олар түсінді. Олардың арасында болашақта заңгер болуды қалайтындары да бар», - деді құқықтық сауаттылық бағыты бойынша волонтер Сәләмәт Исламғали.

Айта кетейік, қазіргі таңда, БҚО оқушыларына ағылшын тілі бойынша волонтерлер тегін оқытулар ұйымдастыруда. Алдағы уақытта өңіріміздің оқушыларына пәндік олимпиада, ғылыми жобаларға дайындық курстары өтеді. Қазір оларға дәріс беретін волонтерлер іріктеліп жатыр.

Яндекс.Метрика
Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы, Ж.Молдағалиев көшесі 19
тел: 8 (7112) 51 36 05
uvmp_zko@mail.ru