СЫРЫМ ЖАСТАРЫ АҚ ЖАУЛЫҚТЫ АНАЛАРДЫ ҚҰТТЫҚТАДЫ

Биылғы жылды Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Волонтерлар жылы» деп жариялауына орай, «Сырым жастары» волонтерлар ұйымы тыл ардагерлері мен көп балалы аналарды көктемнің шуақты мейрамдарының бірі халықаралық әйелдер күнімен құттықтап үйлеріне барды.

Жыл он екі ай құрмет пен қамқорлыққа лайық аналарымызға ресми түрде атап құрмет көрсету — бірлігімізді арттыра түспесе, кемітпесі анық – деген ұстанымды ұстанған «Сырым жастары» волонтерлар ұйымы шағын сый-сыяпаттарымен аналарға деген зор құрметтерін көрсетті. Себебі, анаға құрмет – болашаққа құрмет. Анасын құрметтеген, аруларын аялап, қыздарына қорған бола білген елдің де ертеңі кемел екені сөзсіз. Бұл күні жастарымыз аналарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, жанға жылылық, көңілге шуақ сыйлайтын жылы лебіздер айтты.

Көп балалы ана, біраз жыл ауданға қызмет еткен Гүлсім Кенбаева анамыз барша аналар атынан «Сырым жастары» волонтер ұйымына деген ыстық ықыласын көрсетіп, ақ батасын берді.

Және де мейрам күндеріндегі аналарды құттықтау шарасы әлі де өз жалғасын табатын болады.

Бар мейірімін балаларға арнаған аналар мерекесі құтты болсын.

Яндекс.Метрика
Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы, Ж.Молдағалиев көшесі 19
тел: 8 (7112) 51 36 05
uvmp_zko@mail.ru